"Миллион кімге бұйырады?": Ескендір Сергебаев қазір қайда жүр
"Миллион кімге бұйырады" бағдарламасы арқылы көпке танылып, кейін мемлекеттік қызметке бет бұрған тележүргізуші Ескендір Сергебаев алғаш рет ашық сұхбат берді. |
Ол Нұрсейіт Жылқышабайға берген сұхбатында 5 жыл Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары болғанын айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Ескендір Сергебаев мемлекеттен қызметтен біржолата кету себебін де жасырмады.
"Қапшағай қаласындағы қызметтен 2017 жылы кеттім. 4 жыл, 8 ай жұмыс істедім. Кез келген қызметтің жаманы жоқ, Елге, жұртқа қызмет ету, көмегің тиюді сағынасың. Ер адамның өмірдегі негізгі мақсаты бойына біткен қасиеттермен әртүрлі салаларда болу. Менің негізгі мамандығым заңгер болса да, телевизия саласын жақсы көрдім, қызмет еттім. Мемлекеттік қызметке барғаннан кейін көп дүниеге қарның ашқаннан кейін есікті жауып кете беруіңе болады. Жас кезде қызбен жүргенде көңілің одан бір рет қалады, екі-үш рет қалады. Ал, төртінші рет қалғанда тастайсың ғой. Дәл сол сияқты қызметтің есігін тарс жауып кеттім, көңілден шықпады. Халық көріп отыр, кімнен жасырамыз? Президенттің қанша бағдарламасы болды, барлығы лента қиып тұрып, мынадай зауыт ашылды деп мақтанды. Өзім әкімдікте істегеннен кейін айтайын, сондағы халықтың 100%-ы сол жердің тұрғындары емес. Әкімдіктің шамасы кімге келеді? Мұғалімдерге келеді. Мұғалімдердің бәрін әкеліп қойып, "рахмет, рахмет, ашылдық" деп мәз болады. Енді оны жасырып қайтеміз? Қазақ "ауруын жасырған өледі" дейді. қазақ. Алдау болмау керек қой. Жаңалықтарда статистика көрсеткенде мен басқа арнаға ауыса беремін. Себебі, өзім көзбен көріп, жұмыс істегеннен кейін статистикаға көп сене бермеймін", — дейді ол.
Бұрынғы тележүргізуші мемлекеттік қызметте қаншалықты адал болғанын да жасырмады.
"Мен қызмет жасаған кезімде сол жақта демалыс орным болатын болса, әкім орынбасары болып тұрған кезде жасап алды, деп маған да сөз тиетін еді. Жасаған жоқпыз, алған жоқпыз. Қапшағай қаласының алдында, халқының алдында арым таза. Қызметтік үйде тұрдым. Кабинетке келген кезде қабылдамай қою деген болған жоқ. Мемлекеттік қызметте көреалмаушылық, сатқындық көп кездеседі екен. Бетіңе қарап тұрып, артыңа пышақ сұғу, бір адамның мансабы үшін басқа адамның отбасын бұза салу оп-оңай дүние екен. Жақын адамдарыңның теріс айналғанын көріп ойланып қалады екенсің. Қиын нәрсе", — деді Ескендір Сергебаев.
Ол Қапшағайда қызмет еткен жылдары құмар ойынға әуес болғанын да айтты.
"“Казиноны демалыс орыны деп қабылдаған адамның құсқысы да, ешнәрсесі де келмейді. Қатты бір көңіл қалатындай, өміріңді қиып жіберетіндей, болмаса құсқың келетіндей деңгейге жеткен жоқпын. Казиноға ешқандай ренішім жоқ. Несіне ренжисің оған? Ешкім сүйреп апарған жоқ. Мынау ауыздандырды деп айта алмаймын. Қапшағайда жұмыс істедік. Енді жарқырап тұрғаннан кейін есігін ашып көргің келеді ғой. Мысалы, қазір әр елдің әртүрлі тамақтарын алып келсе, барлығының дәмін көретін едім. Ол да өмірге деген ізденудің бір тарамын. Ненің соқпақ, ненің ем екенін өмір керсетті. Кім біледі, мүмкін сол жаққа барудың өзі қателік па еді? Мемлкекеттік қызметтің өзі қателік пе еді? Қателіктер көп қой. Барлық казиноны тоздырдық. Соңғы рет бір ай бұрын бардым. Қанша ұтылғаным есімде жоқ, санаған жоқпын. Әркім өз ісіне өзі жауапты. Жалпы казино дұрыс дүние емес”, — деді Ескендір Сергебаев.
Бұған дейін тележүргізуші өзіне қатысты ішкілікке салыну, құмар ойынға тәуелді болу секілді алып-қашпа әңгімелерге жауап берген болатын.