Банктерге тұрғын үй жинағына қатысу құқығы беріледі

Осы жазда мәжіліске екінші деңгейлі банктерге тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысу мүмкіндігін қарастыратын құжат енгізілуі жоспарланып отыр, деп хабарлайды LS.
LS-тің ресми сауалына жауап ретінде Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған түзетулер "ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгенін хабарлады.
"Құжат қазіргі таңда мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр және биылғы тамыз айында Мәжіліске енгізіледі деп жоспарлануда", – деді агенттікте.
Айта кетейік, тұрғын үй жинақ жүйесі – бұл азаматтардың қаржысын жинақтап, мемлекеттен сыйақы алып, кейін жеңілдетілген ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беретін бағдарлама. Қазіргі таңда бұл қызметті тек Отбасы банк қана ұсынады. Ондағы тұрғын үй несиелерінің сыйақы мөлшерлемесі жылына 3,5%-дан 5%-ға дейінгі аралықты құрайды.
Өткен жылы мәжіліс депутаты Ислам Сұнқар тұрғын үй жинақ жүйесі бойынша лицензияны басқа банктерге де беру мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Оның айтуынша, депозиттер мен несиелер бойынша бәсекелестік болуы қажет. Бұл – клиенттерге өздеріне тиімді шарттарды таңдауына мүмкіндік береді.